2020 жыл 13 шілде - ҚР Жалпыұлттық аза тұту күні

Аудан әкімі Б.Танагузовтың 2019 жылы қорытындысы мен алда атқарылатын негізгі міндеттері туралы» есебі

Құрметті аудан тұрғындары!

Айтулы оқиғаларға толы болған 2019 жыл да тарих қойнауына кетті. Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде дәстүр сабақтастығынан айнымай, еліміздің жаңа даму бағдарын айқындаған жауапты кезең болды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан туындайтын келелі істер мен міндеттерді іске асыру бағытында  ауданымызда да ел игіліне арналған жоспарлы жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының бағдарламалары мен облыс әкімдігінің тапсырмалары аясында жүзеге асырылған жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтініш-тілектері мен көтерген мәселелерін шешу бағытында жүргізіліп, бірқатар мәселелер шешімін тапты.

Аудан халқының өткен жылғы есепті кездесуде айтылған ұсыныс пікірлеріңіз бойынша 67 іс-шараға белгіленді. Бүгінгі күнге оның 23-і өз шешімін тапса, 39-ы қосымша бақылауға алынып, 5-не түсіндірме берілді. Бақылауға алынған мәселелердің негізгі бөлігі құрылысты және жөндеуді қажет ететін жұмыстар болғандықтан жоғары тұрған органдарға ұсыныстар берілді, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

 

Бюджет пен салық

Жалпы, соңғы жылдары аудан экономикасының өсу динамикасы қалыптасып келеді. 2018 жылы 13 млрд 371 млн. болса, 2019 жылы аудан бюджеті  16 млрд 568,2 млн. теңгені құрап, 124 пайызға артты.

Еліміз үшін экономикалық тұрақтылықты қалыптастырған 2019 жылы жалпы ішкі өнім-42 млрд. 237 млн теңгені құрады.

Есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістері жоспар 16 млрд 499 млн 767 мың теңгені құрап, 100,4 пайызға орындалды.

Аудан бюджетінің шығындар болжамы 16 млрд 499 млн 767 мың теңгеге атқарылып, 99,8 пайызды құрады. 

Жергілікті бюджет түсімдері нақты 954 млн 911 мың теңгені құрап, 106,8 пайызға орындалды.

Ауылдық округ бюджеттерінің кіріс бөлігі нақты 1 млрд. 79 млн.      928 мың теңгені құрап, жоспарлы түсімнен 18 млн. 696 мың теңге (102%) артығымен түсті.

Өзіндік кірістер түсімдер жоспары есепті мерзімге  84 млн. 274 мың теңге болса, нақты орындалғаны 102 млн. 970 мың  теңге (132%), яғни 18 млн 696 мың теңгеге артығымен орындалды.

2019 жылға аудан бюджеті 16,5 млрд. теңге болып бекітілді, оның ішінде әлеуметтік салаға  – 10,8 млрд. теңге, ауыл шаруашылығына – 4,37 млн. теңге, мемлекеттік басқару – 802 млн. теңге, бюджеттік кредиттер – 117 млн. болса басқасы 4,3 млрд. теңге. 

Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқаруға 2019 жылы 11 ауылдық округ бойынша бюджет 1,8 млрд. теңге сомада бекітілді, соның ішінде: 2020 жылға дейінгі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 7,4 млн. теңге.

 

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту

Мемлекет саясатын жүзеге асыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайтуға жұмыстар жүргізілуде. 

2019 жылдың қорытындысымен аудандағы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 млрд. 139 млн. теңге болып, нақты көлем индексі 100,5 пайызды құрады.

Негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі  24 млрд 829 млн теңгені құрады (оның ішінде: республикалық бюджеттен 3 млрд 421 млн теңге жергілікті бюджеттен 3 млрд 435 млн теңге, меншікті қаражат 17 млрд 972 млн теңге).

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан кәсіпкерлерінің несиеге қолжетімділігі артты.

2019 жылы аудан бойынша қаржы ұйымдары тарапынан барлығы 85 жобаға 1 млрд. 66 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде 98 жаңа жұмыс орны ашылды.

2019 жылы кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасына сәйкес, «Бастау Бизнес» оқу курсына ауданда 390 азамат аяқтап, өз бизнес жобаларын қорғады.  

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша облыста өткен гранттық конкурста ауданнан 3 жоба мақұлданып, 7 млн 400 мың теңге қаржыландыруға ие болды, қазіргі таңда өз кәсіптерін ашуға жұмыстар жүргізуде.

Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарынан несие алу үшін кепіл мүлкі жоқ 239 жоба иесіне «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде өз жобаларын жүзеге асыру үшін 117 млн. 917 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, жобаларын жүзеге асыруда. 

Осындай жобалардың жүзеге асырылуы аудандағы шағын кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік туғызды. 4219 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп 2018 жылмен салыстырғанда 111,9%  өскен. Бөлшек сауда көлемі 2355,8 млн теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 101,0 пайызды құрады.

 

Ауыл шаруашылығы саласы

Біздің аудан ауыл шаруашылық саласына негізделген аймақ болғандықтан есепті жыл ішінде бұл саладағы жұмыстарымыз да бекітілген іс-шаралар жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі  23 млрд 68 млн теңге болып, нақты индекс көлемі 107,2 пайызды құрап, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының көрсеткіштерін» орындаудан облыс бойынша ауданымыз 1 орынды иеленді. Оның ішінде мал шаруашылығының өнім көлемі 101,7 пайызды (11 млрд. 830 млн теңге) құраса, егін шаруашылығында 11 млрд 238 млн теңгенің өнімі өндіріліп 112,7% құрады.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша жоспар 5 млрд теңге болса, нақты 16 млрд 79 млн 300 мың теңгеге орындалып, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» атанды.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы «Алтын асық»,  «Құлан», Ірі қара мал аналықтарын импорттау, «Сыбаға» бағдарламаларындағы межелер артығымен орындалғандықтан «Ірі қара мал басын асылдандырудан да озат аудан» қатарынан көрініп отыр.

Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді.  Қазіргі таңда аудан бойынша тұқымдық түрлендірумен 84 шаруа қожалығы айналысуда.

Өткен жылы мал ауруларының алдын алу бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілді.

2019 жылы мемлекет тарапынан жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында, аса қауіпті мал ауруларына қарсы екпелер және тексеру жұмыстары атқарылып, бұл шараларды атқаруға бюджеттен 289 млн. 130 мың теңге бөлінді. 

«Ауданның 2016-2022 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік» кешенін дамыту» бағдарламасына сәйкес егістік жерлерді игеру жоспары 91,8 мың. га болса, нақты 93,4 мың.га (102%) игерілді.

Бағдарламаға сәйкес ауданда 3 гектар жылыжай салынып, жаңадан 38 ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

Ауданда ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында да жоспарлы жұмыстар атқарылды. Жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдалануға берілген 536 457 га болатын 56 692,3 га жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Оның ішінде 31 694,2 га жер қайта игеруге кіріссе, 5975 га жер пайдаланбауына байланысты мемлекетке қайтарылды, ал, қалған 19 023,1 га жер пайдаланушыларға хабарлама таратылды.

Аудандағы ауыл шаруашылық саласа тұтастай алғанда, тұрақты дамып келеді және өз дамуында оның әрі қарай оң ықпалын сақтап қалуға барлық жағдай бар. 

 

Құрылыс саласы

Ауданымызда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жөндеу, ауылдың сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

2019 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданының межесі 12700 шаршы метр болса, нақты 13992 шаршы метрге орындалды (өсім 113 пайыз).  

Құрылыс жұмыстарының нақты индекс көлемі 12 916 млн теңгеге жоспарланса,14 570 млн теңгеге (112,8%) орындалды.

Ауданда 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 2 нысан (Жаңаталап негізгі мектебі мен аудандық мәдениет үйіне жапсарлас ғимараттың тамбуры) пайдалануға берілсе, 2 нысанның  (Қосбұлақ жалпы орта мектебі мен Домалақ орта мектебіне жапсарлас  оқу блогы мен галерея) құрылысы 2020 жылға өтпелі.

Сонымен қатар,  5 нысан құрылысына (16 пәтерлі екі қабатты 5 үй, Бәйдібек ата ауылындағы спорттық сауықтыру кешені, Боралдай ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым, Жоғары Боралдай ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы мен Жолғабас мектебіне жапсарлас ғимарат құрылысы) жобалық сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Оның ішінде 3 нысан құрылысына (16 пәтерлі екі қабатты 5 үй, Бәйдібек ата ауылындағы спорттық сауықтыру кешені мен Жолғабас мектебіне жапсарлас ғимарат құрылысы) сараптамаларының оң қорытындысы алынды. Қалған 2 нысан құрылысының (Боралдай ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым мен Жоғары Боралдай ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы) жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеу 2020 жылға өтпелі болып белгіленген.

 

Ауыз сумен қамтамасыз ету

Аудан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күнделікті бақылауда болатын мәселелердің бірі болғандықтан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

 Бүгінде аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 78,8%-ды құрап отыр (52 елді мекеннің 41-не орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген). 

2019 жылы 2 елді мекендегі (Алғабас, Алмалы) ауыз су құбырының құрылыс  жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізілуде.

Сарқырама ауылындағы тұрғын халықтың сұранысына сәйкес, аудандық бюджеттен бөлінген 3120,0 мың теңге қаржыға елді мекендегі ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілді. Аудандық бюджеттен бөлінген 21060,0 мың теңге қаржыға Ағыбет елді мекеніндегі ауыз су құбыры жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2019 жылдың қазан айында аудан әкімдігі мен «Ақжусель» ЖШС-і  арасында Шақпақ елді мекеніндегі пайдаланымдағы ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында меморандум түзіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Аудан орталығы Шаян елді мекенінің тұрғын халқын таза ауыз сумен  қамтамасыз ету үшін жерасты 4 су ұңғыма құдықтарын қазып, ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен бөлінген 10554,0 мың теңге қаржыға жобалау сметалық құжаттама әзірленуде. 

Сонымен қатар, 3 елді мекенді (Ақжар, Жұлдыз, Жаңаталап) ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сәулеттік жоспарлау тапсырмалары әзірленуде.

Одан бөлек, 2020-2023 жылдары аралығында  аудан көлемінде 11 елді мекендегі ауыз су құбырларына қайта жөндеу, 9 елді мекенге жаңадан ауыз су құбырларын  жүргізу жұмыстарына 4 млрд 785 млн 732 мың теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр.

 

Жол саласы бойынша

Автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да үлкен мән берілуде. 2019 жылы облыстық субвенция есебінен және аудандық бюджеттен қаралған жалпы құны 210  млн. 312 мың теңгеге елді мекендердегі 9,3 шақырым құрайтын 4 көшенің автокөлік жолдарын (Тайманов е/м - Үміт, Теректі е/м - Қостұра, Шалдар е/м - Тастанов, Ақбастау е/м - Бейбітшілік көшелері) орта жөндеуден өткізіп, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, жалпы құны 547 млн. 447 мың теңгені  құрайтын Ақжар елді мекеніне кіре беріс автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан ағымдағы жылы пайдалануға  беріледі.

2019 жылы облыстық бюджеттен қаралған Тасқұдық елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолының бойында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстарына 73 млн. 883 мың теңгеге, Шақпақ елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолының бойындағы көпірге 82 млн.  960 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Табиғи газбен жабдықтау

2017-2018 жылдар аралығында 8 елді мекенде (Ақбастау, Боралдай, Екпінді, Шалдар-Бекбау, Сарқырама, Жамбыл, Тасқұдық, Шыбыт) табиғи газ құбырларының құрылыс жұмыстары  толық аяқталды.

2019 жылы Шалдар-Бекбау және Жамбыл елді мекендеріне №18 Шалдар АГТС-нан табиғи газ босатылды. Ақбастау, Екпінді, Сарқырама, Тасқұдық, Шыбыт елді мекеніндегі тұрғын үйлерді табиғи газға қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бөлінген қаржыға 2019 жылы 7 елді мекенді (Жүзімдік, Мыңбұлақ, Мәдениет, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Бестоғай, Ақбұлақ) табиғи газбен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен (1 млрд. 417 млн.теңге) бөлінген қаржыға межеленген құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қалған 7 елді мекенді (Ынтымақ, Жыланды, Түйетас, Амансай, Талап, Сарыбұлақ, Жиенқұм) табиғи газбен қаматамасыз ету бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, 4 елді мекенге (Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ) мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарауға облыстық салалық басқармаларға сұраныс берілді. Ал, қалған Ынтымақ, Жыланды, Жиенқұм елді мекендерді газдандыру үшін  жобалау сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Үстіміздегі жылы  6 елді мекенді (Тұрақты, Жолғабас, Шақпақ, Қазата, Ағыбет, Алғабас) табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ЖСҚ-ларын әзірлеуге  аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.

Мемлекет тарапынан елді мекендерді дамытуға көп көңіл бөлуде, оған дәлел қазіргі уақытта түрлі бағдарламалар қабылданып, ауданымызда да абаттандыру бағытындағы қарқынды жұмыстар атқарылуда.

 

Кәріз жүйесімен қамтамасыз ету

Аудан орталығы Шаян ауылын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 2018-2019 жылдары облыстық бюджеттен есебінен 947,8 млн теңгеге ұзындығы 28,9 шақырым магистралды кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілді. 

2020 жылы Шаян ауылындағы жеке тұрғын үйлерді кәріз жүйелеріне қосу үшін ЖСҚ әзірлеуге сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленуде. Қазіргі таңда бұл жобаға тиісті есептеулер жүргізіліп, қаржы көздері қарастырылуда.

 

«Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша

2019 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 402  млн. 324 мың теңге қаржыға Шаян елді мекеніндегі 9 көшенің бойындағы автомобиль жолдарының  бойына (Б.Қарашаұлы, М.Әуезов, Е.Шөкеев, С.Әлжанов, Ә.Жылқышиев, Шәкәрім, Тәуелсіздік, Қ.Сәтбаев, №1 Айналма жол) орташа жөндеу, аяқжолдар салу, көше жарықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп, кестеге сәйкес пайдалануға берілуде.

 

«Ауданды дамыту» жобасы бойынша

Елді мекендерді дамыту жобасы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген 709 млн. 179 мың теңге қаржыға Бәйдібек ата елді мекеніндегі 5 көшеге (Қарбастау, Балғынсай, Маханов, Шөкеев, Торғауытов) орташа жөндеу, аяқ жолдар салу, тас пен асфальт төсеу, көше жарықтарын орнату және Шаян ауылындағы орталық саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кезеңімен пайдалануға берілуде.

 

«Өңірдерді дамыту» бағдарламасы бойынша

2019 жылы Шаян ауылындағы «Жаңа тұрмыс» көшесіне орта жөндеуге (3 млн. 700 мың теңге) Күлтөбе мөлтек ауданының көше жарықтарына (1 млн теңге) Бәйдібек ата ауылындағы жаяу жүргіншілер көпіріне ағымдағы жөндеу (4 млн. 799 мың теңге) жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

 

Халықты әлеуметтік қорғау

Ауданда халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ерекше назар аударылып келе жатқанын айтуымыз керек. 

Аз қамтылған отбасыларға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беру және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бойынша түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.

2019 жылдың қорытындысымен шартты атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тіркелген 1839 отбасыға (11 510 адам) 935 млн 11 мың теңге  тағайындалып, төленді.

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек 101 отбасыға (462 адам) 53 млн 112 мың теңге тағайындалып, төленді. Жалпы өткен жылы 1940 отбасыға (11972 адам) 968 млн 916 мың теңгесі тағайындалып, төленіп отыр.

Ал, демеушілер есебінен 8989 адамға 10 млн 80 мың теңгенің көмектері көрсетілді.

2020 жылдан бастап көп балалы отбасылар табысына қарамастан, бала санына қарай мемлекеттік қолдауға ие болады. Көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы ең төменгі айлық есептік көрсеткіштен, яғни 42,5 мыңнан 74 мың теңгеге дейін сараланған көлемде берілетін болады. 

Жыл ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік Бағдарламасы» бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 147 азамат, "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 85 азамат жолданды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 239 азаматқа мемлекеттік грант, 66 азаматқа шағын несие берілді. Жастар тағылымдамасына 244 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 134 азамат, ақылы қоғамдық жұмысқа 357 азамат, тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 1749 азамат жолданды.

Өткен жылы аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды, жұмысқа орналастыру бойынша жүгінген адамдардың ішінен жұмысқа орналасқандардың үлесі 77 пайызды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішіндегі еңбекке жарамды адамдардың үлесі 21,5 пайызды, ал, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен табысы бар халықтың үлесі  16,3 пайызды құрады.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мақсатында 33 маманға тұрғын үй сатып алуға 117 млн. 413 мың теңге несие берілсе, 79 маманға 17 млн 372 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді. 

 

Білім саласы

Білім беруді дамыту мемлекетіміздің басты бағыты болғандықтан өткен жылы білім саласын дамытуға 7 млрд.  474 млн.теңге қаржы қаралып (2018 жылы  5 млрд 773 млн.теңге), бір оқушыға шаққанда кететін шығын (418 мың 26 теңге) 6,7 пайызға артты.  

Аудандағы 12 459 оқушы оқитын 49 білім беру мекемесінің 43-і типтік үлгіде салынған. Үш ауысымда оқитын және апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Әрбір оқу жылында жаңадан заманауи үлгідегі мектептер салынып, ыңғайластырылған жайда орналасқан білім нысандарының саны жылдан-жылға қысқаруда. Жаңа оқу жылының қарсаңында «Жаңаталап» негізгі орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 150 орындық «Қосбұлақ» мектебінің құрылыс жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 100 млн.теңге қаржы қаралып, «Домалақ ана» мектебінің жанынан  7 сыныпқа қосымша жай салу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 90 млн. теңге қаржы қаралып, 2020 жылға өтпелі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, ағымдағы жылға 100 орындық "Досан" негізгі орта мектебінің жаңа  құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр.

Өткен жылы "Абай" және "Жиенқұм" мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарына 139 млн 410 мың теңге қаралып, межеленген жұмыстар толық аяқталды.

Аудандағы білім мекемелері ғимараттарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 58 млн. 735 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен атқарылды. 

Білім мекемелерін заманауи жабдықтармен жабдықталған сыныптармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 11 млн. 430 мың теңгеге 2 білім мекемесіне (Т.Қазақбаев 5 млн. 715 мың теңге, Ш.Уалиханов 5 млн. 715 мың теңге)  АИТИ сыныптарының жабдықтары орналастырылды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасының аясында М.Әуезов атындағы  жалпы орта мектебі АИТИ - лицейіне қайта құрылымдалып, 5 интерактивті тақта, 30 компьютерлік (13 млн.383 мың теңге) құрылғылармен, ал, С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернатына теледидар,16 компьютер, 2 заманауи камера орнатылған (5 млн. 830 мың теңге) арнайы мұғалімдер бөлмесі  жабдықталды.

Мектепке дейінгі сапалы білім мен баланың қабілеттерін толықтай дамыту қоғам үшін маңызды болып табылады. «Балапан» бағдарламасы аясында жаңадан құрылысы аяқталған 3 білім беру ордасынан (Ақтау-25 бала, О.Орманов-25 бала, С.Жиренов-25 бала) 75 баланы қамтитын шағын орталықтар ашылса,  Шалдар ауылынан жекеменшік әріптестік негізде 160 орындық балабақша  мен Шаян елді мекеніндегі жеке меншік балабақшадан қосымша топ ашылып отыр. Нәтижесінде 61 мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі 1-6 жас аралығындағы балалар саны 3880-ге жетіп, қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. 

Аудан бойынша мектеп бітіруші 592 түлектің 459-ы (77,5%) Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысып, жалпы орташа 74,2 балды құрады. Биылғы жылы 592 бітірушіден, 390 оқушы (65,8%) жоғарғы оқу орнының грантын иеленді.

Жалпы биылғы жылы мектеп бітірген 592 оқушының 472-і жоғары және арнаулы орта оқу орындарына орналасты.

Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 33 оқушы қатысып, 20 оқушы жеңімпаз атанды. Олардың 2-і  олимпиаданың Республикалық кезеңіне жолдама алып отыр.

 

Денсаулық саласы бойынша

Отандық денсаулық сақтаудың алдағы төрт жылдың стратегиялық мақсаты 2020 жылға дейін қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу болып табылады. Оған қол жеткізу үшін 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар құрал-жабдықтар қарастырылып, келесі шаралар жүзеге асырылуда. 2019 жылы әрбірінің құны 30 млн. теңгені құрайтын 6 медициналық тіректің (Алғабас, Бәйдібеката, Ақтау, Кеңес, Кеңсай, Қосбұлақ) құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қараша айында пайдалануға берілді. 

Сонымен қатар, аудандық орталық ауруханаға 2020 жылға өтпелі  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (жобалық құны-733 млн. 534 мың теңге).

 

Мәдениет және спорт

2030 жылға дейінгі Мәдени саясат тұжырымдамасына сәйкес, ауданда ұлттық мәдени кодын қалыптастыру, салт – дәстүрді, тілді, отбасы құндылықтарын сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

2019 жылы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және бөлімге қарасты кәсіпорындарға  290 млн 125 мың теңге қаржы қаралды. Мәдениет саласының материалдық–техникалық базасы 14 млн 620 мың теңгеге нығайтылды. 

Қазіргі таңда аудандағы  ауылдық округтер типтік жайда орналасқан 12 мәдениет үйлерімен қамтылып отыр.

Сонымен қатар, Ақтас  және Амансай елді мекендерінен мәдениет үйлері мен Шаян ауылынан орталықтандырылған кітапхана жүйесіне жаңа заманауи үлгідегі 100 мың кітап қорына арналған кітапхана  ғимаратын салу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға салалық басқармаға ұсынылды.

Ауданда 255 спорт нысандары халыққа қызмет көрсетуде.

Ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 2019 жылдың аяғында 16303 адам болып, 30 пайызға жетті.

Спорттық іс-шара жоспарына сәйкес  2019 жылы 158 іс-шара өткізіліп, оған 13861 аудан тұрғындары қатысты.

Жеке кәсіпкерлер мен демеушілердің көмегімен Кеңес, Жамбыл, Шақпақ елді мекендерінде ашық кіші футбол алаңдары мен қарапайым алаңшалар пайдалануға берілді. 

Сондай-ақ 5 елді мекенде (Шаян, Жұлдыз, Алғабас, Сарқырама, Мәдениет) жеке кәсіпкерлер есебінен  спорт зал ғимараты мен ашық, жабық кіші футбол алаңдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

  

Ішкі саясат және жастар мәселесі

«Нұр Отан» партиясы мен депутаттық корпус, аудандық ардагерлер ұйымы, билер алқасы, әйелдер және жастар ұйымдары мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында түрлі бағдарламаларды халыққа түсіндіру мен ел бірлігі, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуда. Нәтижесінде қазіргі таңда аудандағы саяси ахуал тұрақты жағдайда. Аудан көлемінде есепке алынған «Ыстық нүктелер» жоқ.

Тұңғыш Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» - деп атап көрсеткен болатын. Бұл бастама жастарға берілген мүмкіндік, оларға артылған үлкен сенім. 

Жастар жылында атқарылған шараларды қорытындылай келе жастарға берілген мүмкіндіктер аясында жас буынның білім алып, жұмыс жасауына, кәсіп ашып ісін ілгері дөңгелетемін деген жастарға қолдау көрсетілді. 

Жастар жылын өткізуге байланысты арнайы «Жол картасы» бекітіліп,  іс-шара өткізу үшін 1 млн 447 мың теңге бөлінді. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқуға – 105, жаңа бизнес идеяларын іске асыруға байланысты грант алғаны – 52, ал жастар практикасы бойынша – 244 жас маман жіберіліп, 44 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Жыл қорытындысы бойынша жылдың үздік мұғалімі, кәсіпкері, мал дәрігері, кітапхана қызметкері, медицина мамандары, полиция қызметкері мен жас спортшылар марапатталды.

Ел Президенті Жастар жылының жалғасы ретінде 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Еріктілер жылы аясында аудан жастары мен белсенділер арасында еркін форматта жиын өткізіліп, жиында Еріктілер жылы аясында жүзеге асырылатын ауданда өтетін іс-шаралардың жоспарымен танысып ой-пікірлерімен бөлісті.

 

Төтенше жағдайлардың алдын алу

2019 жылы улы газдан және өрттен сақтану үшін әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен 650 отбасыға жергілікті бюджет есебінен 5 млн. 279 мың теңге қаржы бөлініп, арнайы газосигнализатор құрылғылары орнатылды.

Боралдай елді мекенінен өтетін "Боралдай" өзенінің бойындағы дамба құрылысына жергілікті бюджеттен 70 млн. 372 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. 

Сонымен қатар, Теректі елді мекені аумағындағы "Бала Бөген" өзенінің арнасын түзету жұмыстарына жергілікті бюджеттен 22 млн. 485 теңге бөлініп отыр.

 

Қылмысқа қарсы күрес

Аудан көлемінде 2019 жылы 191 қылмыс тіркеліп, 2018 жылмен салыстырғанда (213) 22-ге немесе 10,3 пайызға төмендеген. Жалпы 191 – қылмыстың 149-ы ашылып,  ашылу көрсеткіші 77,5 пайызды құрады. 

Оның ішінде мал ұрлығына қатысты  40 қылмыс тіркелсе, (2018 жылы 54 қылмыс тіркелген) қылмыс саны 14-ге немесе 29,5 пайызға төмендеген. 

2019 жылы 27 ауыр қылмыс тіркеліп, 2018 жылмен (22 ауыр қылмыс) салыстырғанда 5-ге немесе 22,7 пайызға жоғарылаған.   

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы -19,7 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда (2018 жылы 11,7 млн теңге) 8,5 млн теңгеге немесе 73,9 пайызға өскен. 

 

Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді Халайық!

Бүгін Сіздердің алдарыңызда ауданда атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсат-міндеттерімізді қысқаша баяндап өттім.

Тұрғындардың, әсіресе ақсақалдардың, ел ағаларының қолдауымен, жергілікті және атқарушы биліктің бірлесе атқарған жұмыстарының арқасында 2019 жылы көптеген бастамаларымыз жүзеге асты деп айта аламын. Оған дәлел, ауданымыз жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың 16 қала, аудандарының арасынан ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіштерін есептей келе 1 орынға ие болды. 

Бұл бәріміздің ортақ табысымыз!

Әрине, шешімін табуы тиіс күрделі мәселелер де әлі де жеткілікті.

Алдымызда тұрған жоспарларымызды айттық, проблемаларымызды да білеміз және шешу жолдарын қарастырамыз. Аудан әкімдігі атынан былтырғы жылғы атқарылған игі істер үшін барлық тұрғындарға ауданымыздың өркендеуіне қосқан үлестері үшін ризашылығымды білдіремін.

Алдағы уақытта сіздер мен біздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған "Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауын жүзеге асыруда Отанымызға деген патриоттық сүйіспеншілікті жоғары ұстап, бар күш-жігерлерімізді аянбай жұмсайтынымызға сенімдімін. 

Назарларыңызға рахмет!